Елорданың қос театры академиялық мәртебеге ие болды
Елорданың қос театры академиялық мәртебеге ие болды
Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры мен М. Горький атындағы Орыс драма театры академиялық мәртебесін алды.
Осыған орай, 2011 жылғы 13 желтоқсан сейсенбі күні олардың шығармашылық
ұжымдарымен ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев кездесті.
«Мемлекет басшысы бұл шешімді Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы
қарсаңында қабылдады. Бұл оның сіздің ұжымдарыңызға әрқайсыңыздың жаңа
елорданың қалыптасуы мен дамуына қосқан елеулі үлестеріңізге берген
жоғары бағасы. Шын жүректен сіздерді құттықтаймын», - деді ҚР
Мемлекеттік хатшысы.
«Ең ауыр, экономикалық дағдарыс жылдарында Елбасы отандық мәдениетті
қолдауға қаражат пен мүмкіндік тауып отырды. Өйткені, ол ақша келген соң
біз машина, құрылғылар, технологияларды шетелден сатып аламыз, бірақ
ұлттық өнерімізді ешқашан сатып ала алмаймыз деп сенді. Себебі қазақ
халқының өнері не қайта жаңғырады, немесе қазақ топырағында мәңгі өшеді.
Президенттің осындай саясатының арқасында бүгінде бізде ұлттық мәдениет
қайта жаңғырып, гүлденіп отыр. Елбасының елордалық театрларға
«Академиялық» жоғары мәртебесін беру туралы шешімі мұның тағы бір жарқын
көрінісі болып табылады. Менің ойымша, бұл өз ғұмырын театрмен
байланыстырған әр өнер адамы үшін және елорданың мәдени өміріндегі
аралық меже, үлкен оқиға», - деп атап өтті Қ.Саудабаев.
Мемлекеттік хатшы сондай-ақ: «Мүмкін мен алдын ала айтып жатқан
шығармын, бірақ бір айта кетерлік жайт – бүгінде сіздің театрлар үшін
жаңа ғимараттар салу мәселесін шешуде күрделі жұмыстар атқарылуда. Жақын
арада сіздер заманауи техникалық құралдармен жабдықталған ғимараттарға
ие боласыздар деп ойлаймын. Олар жаңа академиялық театр мәртебесіне сай
болады», - деп хабарлады.